Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
Көкшетау қалалық білім бөлімінің «Қазақстан халқы тілдері онкүндігі» бойынша өткізілетін іс-шаралар жоспарын негізге ала отыра, №14 орта мектепте осы бағыттағы түрлі іс-шаралар өткізу жоспары құрылды. Мектеп жоспары шеңберінде атқарылған іс-шаралардың бірі ретінде 2018 жылғы 17 қыркүйекте «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында коучинг өткізу белгіленді.
Коучингті мектептің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Тасбулатов Бекзат Шалабаевич өткізді. Іс-шараға мектептің тіл мұғалімдері қатысты.
Іс-шара ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру қежеттілігі жөніндегі бастамасының негізінде келесі мақсаттарды ашуды көздеді:
1. Латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді.
2. Латын әліпбиіне көшу арқылы басқа тілдерді үйренуге мүмкіндігіміз артады.
3. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Латын әліпбиі арқылы қандастарымызбен жақындасу жылдамырақ жүреді.
5. Әліпби өзгерту төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді.
Іс-шарада қолданылған ақпараттық-коммуникативтік техника мен құрал-жабдықтар: компьютер, интерактивті тақта, А4 қағазы, түрлі-түсті фломастер және т.б..
Қолданылған стратегиялар: «ой қозғау», «миға шабуыл», «ақылдың алты қалпағы», «Сергіту сәті» және т.б..
Іс-шараның өту барысында алдымен психологиялық ахуал тудырылды. Ол үшін қатысушылар ортаға шақырылып, «Екі шындық, бір өтірік» стратегиясы бойынша жұмыс істеп, психологиялық ахуал қалыптасты.
Қатысушылар алты топқа бөлінді. Әр топқа «Ақылдың алты қалпағы» стратегиясы бойынша міндеттер жүктелді, соның ішінде «Ақ қалпақ» тобы тақырып бойынша фактілер, объективті ақпарат беруі, «Қызыл қалпақ» тобы эмоциялар, болжамдар беруі, «Қара қалпақ» тобы логикалық негативтік ақпарат беруі, «Сары қалпақ» тобы логикалық позитивті ақпарат беруі, «Жасыл қалпақ» тобы шығармашылық өсу мүмкіндіктерін табу, идеялар беруі, және де «Көк қалпақ тобы» іс-әрекет жоспарын жасау, ақпаратты өңдеу, қорытынды жасауы керек болды.
Әр топ өзіне жүктелген міндеттерді лайықты деңгейде орындап, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің енгізуді талқылауда ойларын да айтып, тақырыпты жан-жақты ашып, дәлелдей отыра, ой-пікірлерін ұтымды жеткізе білді.
Түп соңында іс-шараға қатысушылар латын әліпбиіне көшу - ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деген қорытынды жасады.